Оба - қатерлі ауру. Бүгінгі таңда сірә,ол туралы естімеген адамды таппайсыз.Бірақ обаны ылғи баяғы кезде болған ойранды індетпен  байланыстырады. Иә,шынында солай.Әйтседе,жалғыз-жарым адамдардың обамен ауруы Қазақстанда қазірде болып тұрады, ал осындай әр жағдайда шұғыл күрес шаралары  алынғандықтан ғана індет қауламайды.

Бұл біздің республика жерінде ежелден обаның табиғи ошақтары болуымен байланысты.Табиғатта обаны ұдайы таситындар түрлі кеміргіштер болып табылады. Бұлар обамен ауырып, одан өледі, індетті бір-біріне тікелей жанасқанда немесе өздерінің үстінде көп болатын бүргелердің  шағуы арқылы жұқтырады. Оба тышқандар арасында барлық уақытта бола бермейді,бірде көрініп,едәуір жерге тараса, бірде көп жылға  жойылып кетеді.

Ауру тышқандардан  оба түлкі,қасқыр,күзен,сондай-ақ түйеге жұғуы ықтимал.

Ауру аңмен тікелей жанасқанда, оның терісін сыпырғанда , обамен ауырған аңның қанын сорған бүрге адамды шаққанда жұғады. Жазда далада болып, ал салқын түскесін тұрғын үйлерді паналайтын ауру тышқандар – аса қауіпті.

Ауру түйені сою тіпті қатерлі. Егер ол обамен ауырса, онда әдетте,осы малдың етін бөлуге қатысқан барша жан зақымданады.

Обамен ауыратын кеміргіштер байқалған жерлерде тұратын әр адам өзіне төнген қатер туралы біліп, сақтық шараларын қолдануы тиісті.

Ең алдымен өзіңді обаға қарсы ектіру керек, оны сол территориядағы барлық дәрігерлік мекеме жасайды.

Кеміргіштерді қолмен ұстамаңыз,ал оның өлімтігін кездестірсеңіз, мұны дәрігерлік мекемеге хабарласыңыз. Ит, мысықтың үйге тышқан т.б. алып кіруін болдырмаңыз.

Далада тышқандар ініне таяу орналаспаңыз, уақытша баспана,киіз үй тіккенде кеміргіштер жоқ жерді таңдаңыз. Азық-түлікті тышқандар жолай алмайтын жабық ыдыста сақтаңыз. Тұрғын жайыңызды, оның маңайын таза ұстаңыз.

Тырысқақ аса қауіпті жұқпалы асқазан-ішек ауруларының бірі. Аудан аумағына тырысқақ қоздырғышы ауру адам арқылы әкелінуі мүмкін деп есептелінеді. Дене температурасы төмендеп, жиі іш өту,құсу, әлсіздік байқалса дереу дәрігерге көрініңіз. Жеміс-жидекті жумай жеу де қауіпті. Қолыңызды жумай дастарханға отырмаңыз!

Кенелер арқылы берілетін (жұғатын) аурулардың қауіптісі- Қырым-Конго қанды безгегі.Бұл ауру дене қызуының жоғарлауымен, қан кетуімен, жалпы адам ағзасының улануымен сипатталатын ауру. Тұрғындар арасында бұл індеттің қаупін болдырмау үшін ауруды тасымалдаушы кенелерді жоюға күш салу маңызды шара.Денеге кене жабысқаны анықталса, оны бірден жұлып алмай, кененің үстіне кез-келген май тамызып,содан кейін жайлап пинцетпен тартып алыңыз. Кенені жалаң қолмен ұстамаңыз!

Денеге кене жабыспауы үшін далалық жерлерде жеңі, балағы резеңкелі киімдер  киіп,зиянды жәндіктерге қарсы дәрі-дәрмектер пайдаланыңыз!

Сақтанып жүрсеңіз өзіңізді және өзгені қауіпті аурудан сақтайсыз!

Шалқар обаға қарсы
күрес бөлімшесі дәрігері
А.А.Куккузова