Аса қауіпті аурулар жөніндегі санитариялық - ағарту жұмыстарының негізгі мақсаты – тұрғындарды аса жұқпалы аурулардан сақтандыру, аурудың алдын алу болып табылады. Сондықтан адам денсаулығын аса қауіпті аурулардан қорғау, болдырмау үшін денсаулық сақтау саласының қызметкерлері әртүрлі жолдарды, әдіс-тәсілдерді қолданады.

Қазіргі заманда бұхаралық ақпарат құралдары арқылы санитариялық-ағарту жұмыстарын жоғары деңгейге жеткізу, тиімділігін арттыру мүмкіншілігі көп, яғни тұрғындардың санитариялық білімділігін, салауаттылығын арттыруға көп көңіл бөлінуде. Сондықтан тұрғындарға аса қауіпті аурулардан сақтану шараларын түсіндіру үшін, оба сияқты аса қауіпті аурудың жұғу жолдарын, залалды көзін, таралу мүмкіншілігін қарапайым әңгімелер арқылы, газет-журналдар, радио-теледидар арқылы түсіндіру нәтижелі болып табылады.

Оба жөніндегі санитарлық-ағарту жұмысын табиғи ошақты өңірде эпизоотияның өршейтін кезінен бұрын, яғни қаңтар-наурыз аралығында өткізген дұрыс. Осы кезеңде дәрігерлік-емдеу мекемелерінің медициналық қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, олардың қосымша семинар сабақтары арқылы тұрақты түрде обадан сақтану, алдын алу шаралары, емдеу, эпидемиологиясы, диагностикасы жөніндегі білім деңгейін жетілдіріп отырғаны, аса қауіпті аурудың таралып кетпеуі үшін атқарылатын негізгі қадам екенін есте ұстау қажет. Табиғи ошақты өңірде ауру жұқтыру мүмкіншілігі жоғары топтармен: мектеп оқушыларымен, малшы отбасылармен, ветеринариялық қызметкерлермен, басқа елдерден, басқа өңірлерден келуін далалықта жұмыс жүргізетін қызметкерлерге ерекше көңіл бөлініп, санитарлық ағарту жұмысы тұрақты жүргізілуі керек.

Санитарлық ағарту жұмыстарының түпкі мақсаты аса қауіпті ауру жөніндегі ақпаратты таратып қана қоймай, тыңдаушылардың, оқырмандардың білімін жетілдіру, айтылған хабарламаға деген наным-сенімдерін қалыптастыру. 

«Ақтөбе обаға қарсы күрес станциясы» Бозой бөлімшесінің басшысы Ғ.И.Мамбетов