Маң-маң басқан, маң басқан, Шудаларын шаң басқан...

Өзге түліктер сияқты түйе де көптеген жұқпалы аурулармен ауырады. Соның ішінде басқа малдарға қарағанда оба індетіне өте бейім де сезімтал. Бұл індетпен негізінен дала кеміргіштері, жабайы аңдар (түлкі, қарсақ, күзендер, ақбөкен т.б) ауырып, далалық жайылымдарда олардың бүрге, кенелері, былғанған шөптері арқылы түйеге де жұғады.

Обамен ауырған түйе ауру жұқтырған соң 2-3 күн өте мазасызданып бір жатып-бір тұруы жиілеп, кейін жатып алады. Уақыт өте сылбырланып, сұлық жатып қалады. Дене қызуы 39ºС дейін көтеріліп, қолтық, шап, мойын бездері көлемі ұлғайып, жұдырықтай болып іседі. Аса ауыр жағдайда ауру айға жуық уақытқа созылып, түйе әбден ариды. Ауру асқына келе мұрынынан қанды көбік ағуы да мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері байқалысымен түйе өте қауіпті, жұқпалы болып саналады. Себебі ауру түйе тұрған қора, астындағы қи-көңі, алдындағы жем-шөп, суы, айыр-күрек т/б. құрал-саймандар оба микробымен ластанады. Бұл жағдай мал күтушісіне,айналасындағы түйелер мен үй кеміргіштеріне де өте қауіпті.

Осы ретте оба індетінен, обамен ауырған түйеден сақтану үшін төмендегі шараларды қатаң қаперде ұстау керек:

1.Түйе малын бағып күтетін, өнімдерін тұтынатын адам алдымен өзі міндетті түрде обаға қарсы екпе алуы керек;

2.Түйе малына ерте көктемде алдын ала обаға қарсы екпе жасату керек;

3.Ауру түйені сау түйелерден жеке ұстау керек. Ауру түйенің тұрған жеріне уақ үй тышқандарының қатысы болмауы керек;

4.Ауру түйені дереу мал дәрігеріне көрсету керек;

5.Мал дәрігерінің рұқсатынсыз ауру түйені союға болмайды;

6.Ауру түйе бар жердің түйесін, аурудың түрін ашып, анықтағанша басқа жердің түйелерімен араластыруға болмайды;

7.Обамен ауырған немесе өлген түйемен араласқан түйелерге жедел обаға қарсы вакцина ектіру керек;

8.Обаға ұшыраған түйе маңындағы барлық түйелердің есебі алынып, толықтай мал дәрігерінің бақылауында болуы керек;

9.Ауырған түйенің қорасын, пайдаланылған құрал-саймандарды дезинфекциялық дәрмектермен залалсыздандырып, бірге тұрған түйелерді тиісті залалсыздандырғыш дәрмектермен дезинфекциялап, қансорғыштарын жою керек;

10.Түйе іш тастаса, өлік ботаны да ана түйенің қанын да лаборатория арқылы тексеру керек;

11.Обадан өлген түйенің еті, жүн терісін жағып, өртеп жіберу керек;

12.Обамен ауырған түйені күткен адамдар дереу дәрігерге қаралуы керек.

 

Бозой обаға қарсы күрес бөлімшесінің зоологі: А.Қ.Дощанов