Бүгінгі күні Қазақстанның құмшауыт пен тақыр жерлерін мекендейтін, кеміргіштер тобына жататын, қорқу дегеннің не екенін білмейтін өжет әрі өте сақ тышқанның Балпақ деген түрі болады. Өзі үш-бес жылдан артық өмір сүрмейді. Жыныстық зеректігі өмірінің екінші-үшінші жылы ғана кемеліне келіп, толыса бастайды. Отызға тарта шөптің түрімен қоректеніп үнемі өсімдік тамырынан ылғал соратындықтан суға да аса құмар емес. Оның аса бағалы жон терісі сәуір айының ортасына қарай түлеп, күн көзіне шағылысып қып-қызыл болып, жанардың жауын алып құлпыра түседі.

Бір қызығы, кеміргіштің бұл түрі- жыл он екі ай тіршілігінің тоғыз айға жуығын жер астында, қалың ұйқының құшағында өткізеді. Шілде айының ішінде әуелгі жазғы ұйқыға кеткеннен күздік, қыстық ұйқысын әбден қандырып, қыс күрмелер күні, яғни наурыз айының екінші онкүндігінде оянады.

Бұл кеміргіштің үлкен құмтышқан, кіші құмтышқандар т.б. кеміргіштер секілді оба және басқа да аса қауіпті індеттермен ауырып, адамға жұқтыру мүмкіндігінің жоғары. Балпақты союға, етін, майын алуға, жеуге мүлдем болмайды. Қазірде халық арасында ертеректе балпақтың етін жеген, майы үшін сойған деген әңгімелер бар. Қазіргі уақытта да кездесуі әбден мүмкін. Жылдың кез-келген уақытында аңшылыққа шыққан уақытта оларды жалаң қолмен, не індері мен өлекселерінің қасына жақындамаған дұрыс. Кеміргіштің інінің маныңда балалардың топырақпен ойнауға жол бермеу керек, олардың індерінің топырағында бүрге, кене т.б. жәндіктер болуы мүмкін. Егер, бүрге немесе кене адамды шаққан жағдайда, шұғыл түрде дәрігерге қаралу керек. Қазақ «Сақтықта қорлық жоқ" деп бекерден айтпаса керек, балпақтың оба ауруын сақтаушы кеміргіштердің бірі екенін ұмытпаған жөн. 

Е.Д.Абдірахманов,
Шалқар обаға қарсы күрес бөлімшесінің зоологі