Табиғатта обаны ұдайы сақтаушылар түрлі кеміргіштер болып табылады. Кеміргіштер обамен ауырып, сол дерттен өледі, олар індетті бір-біріне тікелей жанасқанда немесе өздерінің үстінде көп болатын бүргелердің шағуы арқылы жұқтырады.

Әзірге табиғаттағы оба індетін толық жойып, құртудың ұтымды шарасы әлі жоқ, сол себепті адамның онымен зақымдану қаупі бүгінге дейін сақталып отыр.

Оба микробы ауырған адамның, түйе малының, кеміргіштердің қақырық, сілекей нәжістерінде болады. Оба ауруының микробтарын таратушылар –кеміргіш үстіндегі қансоргыштар. Бұлардың ішінде үлкен орын алатыны- бүрге мен кене, қан сору үшін ауру кеміргіштен басқасына, кездесе калған түйеге, адамға жармасады.

Обаның негізгі жұғу жолдары: Далада жұмыс жасаған кезде, аңға барғанда, пішен шапқанда, мал баққанда дала кеміргіштері бүрге-кенелері арқылы жұқтырылуы мүмкін екендігін атап өткен жөн.Далалықта жиі кездесетін үлкен құмтышқан, кіші құмтышқандар сарышұнақ, қосаяқтар, балпақ, борсық тағы сол сияқты кеміргіштердің қауіптілігі жоғары. Аталған кеміргіштердің інінің маңында балалар ойнағанда;обамен ауырған кеміргішті аулап, оны сойғанда; обамен ауырған түйені жіліктеп сойған жағдайда; обамен науқастанған адам жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде; обадан өлген адамның денесін жуғанда немесе оның қақырығы, сілекейі жұққан киімдерін ұстағанда жұғуы мүмкін.

Қорыта келе, далада кеміргіштер ініне таяу орналаспаңыз, уақытша баспана, киіз үй тіккенде кеміргіштер жоқ жерді таңдаңыз. Азық-түлікті кеміргіштер жолай алмайтын жабық ыдыста сақтаңыз. Тұрғын үй жайыңызды, оның маңайын таза ұстаңыз. Шыбын-шіркейлерді құртып отырыңыз, бұл үшін дельтаметрин фипронил ұнтағы және сауда да бар басқа дәрілерді қолданыңыз. Мал дәрігерлерінің рұқсатынсыз ауру түйелерді соймаңыз.

 

А.С. Жолдас

Шалқар обаға қарсы күрес

бөлімшесінің зоологі